Салық кодексінің жаңа жобасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі қарастырылған. Енді табыс табу үшін ЖК ашудың, бухгалтер жалдаудың немесе міндетті әлеуметтік төлемдерді төлеудің қажеті жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелу жеткілікті.
Бұл режим бойынша жылдық табыс шегі 4 080 АЕК (шамамен 16 млн теңге) мөлшерінде белгіленді. Салық мөлшерлемесі — 4%, оған барлық әлеуметтік төлемдер кіреді. Жеке табыс салығы (ЖТС) төленбейді.
Егер табыс болмаса, салық міндеттемелері де туындамайды. Бұл табысы тұрақты емес фрилансерлерге, ұсталарға, репетиторларға ыңғайлы. Есеп беру және бухгалтерия жүргізу талап етілмейді.
Жаңа салық режимі кәсіпкерлікті қолжетімді етіп, салықтық міндеттемелерді жеңілдетеді және көлеңкелі табысты азайтуға ықпал етеді деп күтілуде.