Қазақстан Ұлттық Банкі қолма-қол шетел валютасын айырбастау тәртібіне байланысты халықтың жиі қойылатын сұрақтарына жауап берді. Банк валюта айырбастау, банкноттарды жарамды деп тану және айырбастау пункттерінің негізсіз бас тартуы бойынша түсініктеме ұсынды.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, жарамды банкноттар – бұл тиісті елде заңды төлем құралы болып саналатын және ресми сипаттамасына сай келетін купюралар. Егер банкнот жыртылған, бүлінген немесе айналымнан шығарылған болса, ол жарамсыз немесе төлемге қабілетсіз деп танылады.
Мұндай банкноттарды тек шетелдік банктермен инкассо шарттары бар уәкілетті банктер арқылы айырбастауға болады. Комиссия мөлшері номиналдың 10%-ынан аспауы тиіс. Клиент инкассо шарттарымен келісіп, жазбаша түрде қол қоюы керек. Сонымен қатар, шетелдік банктің айырбастаудан бас тартуы мүмкін екені жөнінде ескертілуі қажет.
Ұлттық Банк айырбастау пункттері банкноттың номиналына немесе шыққан жылына қарамастан, егер ол жарамды болса, оны қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ екенін еске салды. Бас тартуға тек заңда көзделген жағдайларда ғана жол беріледі, мысалы, ПҚ/ТҚ талаптарының сақталмауы немесе жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы.
Егер айырбастау операциясынан негізсіз бас тартылса, азаматтар Ұлттық Банктің аумақтық филиалына шағым жаза алады. Мекенжайлар мен байланыс деректері Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми сайтында орналастырылған.