Жалпылама декларациялаудың екінші кезеңіне іліккен қазақстандықтар 2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруы тиіс.
Декларацияны онлайн түрде eGov.kz порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ kgd.gov.kz сайтындағы Салық төлеушінің кабинеті мен eSalyq Azamat қосымшасы арқылы тапсыруға болады.
270.00 нысаны мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне және олардың жұбайларына арналған. Ол активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясынан кейін толтырылады (250.00 нысан).
Декларацияда табыстар мен шетелдегі мүлік туралы ақпарат көрсетіледі: жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын және шетелдік компаниялардағы үлестер. Сондай-ақ, ірі шығындар мен олардың қайнар көздері де көрсетілуі тиіс.
eGov порталы арқылы тапсыру үшін пайдаланушы авторизациядан өтіп, «Салық салу» бөлімінен тиісті қызметті таңдап, деректерді енгізіп, қол қоюы керек. eGov Mobile қосымшасында бұл қызмет «Салықтар және қаржы» бөлімінде орналасқан.
Цифрлық қызмет ҚР Цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қаржы министрлігінің бірлесуімен іске асырылған.