2025 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне ай сайын жарна төлеуге міндетті. Бұл жарна — ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы, яғни айына 5 950 теңге.
Егер кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлері болса, олар үшін де жарна төлеу керек: жұмыс беруші табыстың 3%-ын (ең көбі 25 500 теңге), ал жұмысшының табысынан 2%-ын (ең көбі 17 000 теңге) аударады.
Кәсіпкер өз кәсібінен бөлек жалдамалы қызметкер ретінде де жұмыс істесе, екі тарап бойынша да жарна төлейді.
Бірақ кейбір санаттар МӘМС жарнасынан босатылады: қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпкерлер, зейнеткерлер, мүгедектер, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» иегерлері, күндізгі бөлімде оқитын студенттер. Декреттік демалыстағы әйелдер де егер жеке кәсіпкерлігін уақытша тоқтатса, жарна төлемейді.
Жарнаны уақытында төлеу — медициналық көмектен айырылып қалмаудың кепілі. Кешіктірген жағдайда қарыз бен өсімпұл жиналып, сақтандырылған мәртебе тоқтайды. Жарнаны бір айға немесе бірнеше айға алдын ала төлеуге болады.
Кей кәсіпкерлер жеке клиникаларда емделсе де, МӘМС жүйесінен бас тартуға болмайды. Себебі жүйе мемлекеттік және жекеменшік мекемелердегі медициналық көмекті қамтиды. Егер ИП жабылса, жарна төлеу тоқтайды, бірақ азамат ретінде қатысуды жалғастыруға болады.
Жарнаны екінші деңгейлі банктер, мобильді қосымшалар мен Қазпошта бөлімшелері арқылы (121 және 122 кодтарымен) төлеуге болады. ИИН, ТАӘ және төлем сомасын дұрыс көрсету қажет.