logo

Салықтық тексерулер: 2026 жылдан бастап қандай өзгерістер енгізілді

25 ақпан, 2026

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжатта салықтық тексерулер жүргізу тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті негізгі өзгерістерді түсіндірді.

Негізгі өзгерістер:

  • салықтық тексерулер түрлерге бөлінбей жүргізіледі;

  • тексеру жүргізу негіздері қысқартылып, жүйелендірілді;

  • тексеру мерзімін ұзарту уақыты қысқартылды:

    • құрылымдық бөлімшелері жоқ заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін — 10 жұмыс күніне;

    • құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар үшін — 20 жұмыс күніне;

  • талап қою мерзімін тексеру аяқталғанға дейін ұзарту тәртібі регламенттелді;

  • тексеру құжаттарын (нұсқамадан басқа) веб-портал арқылы электрондық түрде табыстау тәртібі енгізілді;

  • салық төлеуші нұсқамаға шағымданған кезеңде тексеруді тоқтату нормасы алынып тасталды;

  • салық жүктемесі коэффициенті тиісті қызмет түрі мен өңір бойынша жоғарғы көрсеткіштің кемінде 90%-ын құрайтын салық төлеушілерге қатысты кешенді тексерулер жүргізу шектелді;

  • микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеру барысында құжаттарды ұсыну туралы талапты екі реттен артық табыстауға жол берілмейді;

  • құжаттарды ұсыну мерзімі 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын азайту жөнінде шешім қабылдады.

Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бойынша салықтық тексерулер жүргізу тоқтатылды.

Алайда бұл шектеу келесі жағдайларға қолданылмайды:

  • бұрын тағайындалған және қарсы тексерулер;

  • қылмыстық-процессуалдық заңнама негізінде жүргізілетін тексерулер;

  • прокурорлық қадағалау актілері және Президенттің немесе Бас прокурордың тапсырмасы бойынша жүргізілетін тексерулер;

  • дебиторлармен өзара есеп айырысуларды анықтау;

  • касса бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімді орындау;

  • жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты тексерулер;

  • салық заңнамасында көзделген өтініштер мен талаптар бойынша тексерулер;

  • тексеру нәтижелері туралы хабарламаға берілген шағым аясындағы тексерулер;

  • 2025 жылғы 17 желтоқсаннан кейін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер бойынша қосымша немесе кері қайтарылған есептілік ұсынылған жағдайда;

  • камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды растау мәселелері бойынша тексерулер.