Қазақстан Республикасының Үкіметі микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шараларын 2026 жылы да жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Үкіметтің мәліметінше, бұл шешім макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа шараларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында микро және шағын бизнес субъектілеріне белгіленген мерзімде төленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша, оның ішінде аванстық және ағымдағы төлемдер үшін өсімпұл есептелмейді.
Алайда бұл жеңілдік келесі төлемдерге қолданылмайды:
- төлем көзінен ұсталатын салықтар;
- импортталатын акцизделетін тауарларға акциздер;
- импортталатын тауарларға ҚҚС;
- әлеуметтік төлемдер.
Сонымен қатар, Үкімет 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін келесі жағдайларда өсімпұл есептелуі мүмкін екенін нақтылады:
- қосымша салық есептілігі тапсырылған кезде, оның ішінде хабарлама негізінде;
- мемлекеттік кірістер органдары салықтық әкімшілендіру нәтижесінде салықтар мен төлемдер сомасын қайта есептеген немесе қосымша есептеген жағдайда.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шара салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайтуға және мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді әрі ашық серіктестікті нығайтуға бағытталған.
+7 (707) 350 02 20