logo

Шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алушылар үшін не өзгереді?

09 маусым, 2026

2026 жылдың екінші жартысында ЕАЭО елдерінде Temu, AliExpress, iHerb және басқа да шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді.

Еске салсақ, электрондық сауда тауарларын ресімдеу бойынша пилоттық жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаға «Қазпошта» АҚ, «DHL International Kazakhstan» ЖШС және жеке тұлғаларға тауар жеткізетін басқа да операторлар қатысуда. Осы уақытқа дейін азаматтардың сәлемдемелерді алуында қандай да бір қиындықтар тіркелген жоқ.

Не өзгеріссіз қалады?

Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса:

  • кедендік баждар мен салықтар төленбейді;
  • жеткізу тәртібі бұрынғыдай сақталады;
  • кеден органдарына өз бетінше жүгінудің қажеті жоқ;
  • декларацияны сатып алушының атынан электрондық сауда операторлары рәсімдейді.

Тауарлардың жаңа санаты енгізіледі

Шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар жеке санатқа бөлінеді — «электрондық сауда тауарлары».

Олар үшін жаңа кедендік құжат түрі — электрондық сауда тауарларына арналған декларация енгізіледі. Бір декларацияда әртүрлі жеке тұлғаларға тиесілі 999 тауар туралы мәлімет көрсетуге болады.

Мұндай декларацияларды кеден органдарына сатып алушылардың атынан арнайы жаңа қатысушылар — электрондық сауда операторлары тапсырады.

Салмақ бойынша шектеу алынып тасталады

Маңызды өзгерістердің бірі — қазіргі қолданыстағы 31 кг салмақ лимитінің жойылуы.

Сонымен қатар бажсыз әкелу шегі бұрынғыдай 200 еуро деңгейінде сақталады.

Қымбат сатып алулар үшін не өзгереді?

Егер тауар құны 200 еуродан асса, келесі төлемдер алынады:

  • кедендік баж — тауар құнының 5%-ы;
  • ҚҚС — 16%.

Есептеу мысалдары

Тауар құны — 250 еуро

  • кедендік баж: 12,5 еуро;
  • қосымша ҚҚС төленеді.

Тауар құны — 500 еуро

  • кедендік баж: 25 еуро;
  • қосымша ҚҚС төленеді.

Салыстыру үшін: қазіргі уақытта мұндай тауарларға бажсыз лимиттен асқан сомаға 15% мөлшеріндегі бірыңғай төлем қолданылады, оның құрамына ҚҚС та кіреді.

Жаңа ережелер не үшін енгізілуде?

Өзгерістердің негізгі мақсаты — интернет-сауданы реттеу және коммерциялық партияларды жеке пайдалану үшін сатып алынған тауар ретінде рәсімдеу тәжірибесінің алдын алу.

Қандай тауарларға өзгерістер әсер етпейді?

Бұл өзгерістер ЕАЭО аумағында орналасқан және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет-алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды.

Қорытынды

Құны 200 еуроға дейінгі тауарларды жеке пайдалану үшін сатып алатын азаматтар үшін сатып алу және жеткізу тәртібі өзгеріссіз қалады. Негізгі жаңалықтар электрондық сауда тауарларын рәсімдеу тәртібі мен қымбат сатып алулар бойынша төлемдерді есептеуге қатысты болады.