logo

2026 жылғы рақымшылық: қандай салықтық және кедендік айыппұлдар кешіріледі

16 шілде, 2026

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң күшіне енді. Құжат мемлекеттік кірістер органдары қарайтын бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша айыппұлдарды кешіруді көздейді.

Рақымшылық жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қолданылады. Айыппұлдың кешірілуі үшін үш шарт орындалуы тиіс: қаулыны мемлекеттік кірістер органы шығарған болуы керек, айыппұл 2026 жылғы 1 шілдеге дейін толық немесе ішінара төленбеген болуы тиіс және құқық бұзушылық заңда көрсетілген ерекшеліктер тізіміне кірмеуі қажет.

Рақымшылыққа салық органдарында тіркеу мерзімдерін бұзу, арнайы салық режимдерін қолдану, салық есептілігін уақытында тапсырмау, бақылау-касса машиналарын пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ кеден саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жатады.

Ал сот шешімімен салынған айыппұлдар, салық салу объектілерін жасыру, салық төлеуден жалтару және салық міндеттемелерін төмендетуге қатысты құқық бұзушылықтар рақымшылыққа кірмейді.

Айыппұлдарды кешіру автоматты түрде жүзеге асырылады. Мемлекеттік кірістер органдарына рақымшылық рәсімін аяқтау үшін алты ай мерзім берілген.