Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктермен өзара әрекеттесу тәртібін еске салды.
Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда қарыз алушы несие шарттарын өзгерту туралы өтінішпен кредиторға жүгінуге құқылы. Ол үшін қаржылық жағдайдың нашарлағанын немесе төлем мерзімінің кешігу себептерін растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Мұндай құжаттарға жұмыссыз ретінде тіркелу туралы анықтама, еңбек шартының бұзылуы туралы құжаттар, жалақы сақталмайтын демалыс, уақытша еңбекке жарамсыздық, мүгедектік, жақын туыстарының қайтыс болуы туралы куәлік, материалдық шығынды растайтын құжаттар және өзге де дәлелдер жатады.
Өтінішті кредитор кеңсесіне жеке барып, мобильді қосымша немесе электрондық пошта арқылы беруге болады, егер бұл шартта қарастырылған болса. Өтінішті қарау мерзімі — 15 күнтізбелік күнге дейін.
Егер кредитордың шешімі қарыз алушыны қанағаттандырмаса, ол банк омбудсманына немесе микроқаржы омбудсманына жүгіне алады.
Банк несиелері бойынша өтініштер банк омбудсманының сайты арқылы, ал микронесиелер бойынша микроқаржы омбудсманының сайты арқылы қабылданады. Өтінішке несие шарты, төлем кестесі, кредиторға жүгінгенін растайтын құжаттар және қаржылық қиындықтарды дәлелдейтін құжаттар қоса беріледі.
Агенттік омбудсмандар қызметі тегін көрсетілетінін және олардың шешімдері банктер мен МҚҰ үшін міндетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қарызын өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық рәсімі қарастырылғаны еске салынды.
Алайда банкроттықтың белгілі бір салдары бар: рәсім аяқталғаннан кейін 5 жыл бойы жаңа несие немесе микронесие алу мүмкін болмайды, ал азаматтың қаржылық жағдайы 3 жыл бойы бақылауда болады. Қайта банкроттық рәсімінен тек 7 жылдан кейін өтуге болады.
+7 (707) 350 02 20