Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және салалық ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған тұжырымдамалық ұсыныстар қаралды. Талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры орташа айлық табыс деңгейі мен еңбек өтіліне негізделген әлеуметтік зейнетақы төлемі жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл тәсіл жинақтаушы модельге тәуелділікті азайтып, әлеуметтік ынтымақтастық қағидаттарын күшейтуге бағытталған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты сақтандыру құрамдасына бағыттауды көздейтін модель ұсынды. Бұл шешім азаматтарды өмір бойы тұрақты төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Сенат депутаты Амангелді Нұғмановтың зейнетке шығу шарттарының бірі ретінде міндетті 40 жыл еңбек өтілін белгілеу туралы бастамасы қарастырылуда. Бюджеттік сала қызметкерлері үшін осы еңбек өтілінен кейін зейнетке шығу мерзімін икемді түрде айқындау мүмкіндігі ұсынылуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық ұсыныстардың қазіргі уақытта талқылау сатысында екенін және түпкілікті шешім ретінде қабылданбағанын атап өтті. Соңғы шешімдер олардың қаржылық тұрақтылығы, әлеуметтік тиімділігі және азаматтарға ықпалы жан-жақты бағаланғаннан кейін қабылданады.
Еске салсақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға индекстелді. Сондай-ақ базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118%-ына дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен өсіп, 2028 жылға қарай 5%-ға жетеді.
+7 (707) 350 02 20